7 мамыр күні Астана қаласындағы «Қазақ елі» алаңында Ұлы Жеңістің 80 жылдығына арналған әскери парад өтті. Бұл – халқымыздың ерлік пен елдікке толы тарихын ұлықтайтын, рухты көтеретін айрықша оқиға болды.
Аталған салтанатты шараға еліміздің түкпір-түкпірінен 4 мыңнан астам әскери қызметкер, 200-ден астам әскери техника, сондай-ақ 66 бірлік ұшақ пен тікұшақ тартылды.
Елдің қорғаныс қабілетін паш еткен мерекелік парадты көруге арнайы шақырылған меймандар қатарында Павлодар облысы Қабанбай батыр атындағы «Жас сарбаз» облыстық мамандандырылған лицей-мектеп-интернатының басшының міндетін атқарушы Жаслан Кожанов, аға тәрбиеші Данияр Тулеутаев және үздік он тәрбиеленушісі болды.
Жас сарбаздар әскери парадты мәртебелі қонақтармен бірге тамашалап, ел армиясының қуатын, заманауи әскери техниканың мүмкіндіктерін, әскерлердің шеберлігін өз көздерімен көріп, ұмытылмас әсер алды.
Осындай отансүйгіштікке баулитын ірі іс-шараларға қатысу – болашақта ел қорғаны болар қайсар да жігерлі жас патриоттарды тәрбиелеуге бағытталған маңызды қадам екені сөзсіз.